
Астанада 1 наурыз – Алғыс айту күнін мерекелеу аясында №116 орта мектептің оқушылары «Алғыс – жүректен жүрекке» атты ерекше акция өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Білім ордасының холында оқушылар алғыс, құрмет пен бірлікті бейнелейтін жүрек пішінді әуе шарларын ұстап, сап түзеді. Ерекше акция мерекенің басты идеясы жақындарға, ұстаздарға және айналадағы жандарға шынайы ризашылық білдіруді насихаттауға арналды.
Акцияның ерекшелігі – символикалық эстафета елорданың өзге де білім беру ұйымдарына жолданды. №116 мектептің оқушылары қатарластарын бастаманы қолдауға шақырып, челленджді өзге астаналық мектептерге жолдады. Осылайша алғыс айту идеясы кеңінен таралады деп жоспарланып отыр.
«Біз жылылық пен бірлікке толы шынайы атмосфера қалыптастырғымыз келді. Жүрек – мейірім мен құрметтің белгісі. Балалардың мереке туралы жай ғана біліп қоймай, оның мәнін жүрекпен сезінгені біз үшін маңызды», – деді мектеп директоры.
Акцияға қатысушылардың бірі өз әсерін былайша жеткізді:
«Жүрегімізді ұстағанда маңызды іс атқарып жатқандай сезімде болдық. Бұл – ата-анамызға, ұстаздарымызға және жанымыздағы жандарға алғыс айтудың бір жолы».
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар өскелең ұрпақ арасында алғыс айту мәдениетін, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Акция қарапайым идеяның өзі елорданың оқушыларын мейірім мен ауызбіршілік құндылықтары төңірегіне топтастыра алатынын көрсеткен ерекше үлгіге айналды.