
Астанада қала әкімі орынбасарының төрағалығымен туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі Сарапшылық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жиынға қонақүй және мейрамхана бизнесінің, көлік саласының өкілдері, туроператорлар, медициналық ұйымдар және өзге де мүдделі тараптар қатысты.
Отырыста 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Сонымен қатар, елорданы бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретінде дамытудағы келешегі зор басым бағыттарға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар инфрақұрылымды жетілдіру, туристік қызметтердің сапасын арттыру, салааралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін, сондай-ақ 2026 жылға арналған негізгі жоспарларды талқылады.
Жиынды ашқан Евгений Глотов Астана үшін 2025 жыл жаңа жетістіктер жылы болғанын атап өтті. Оның айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша елордаға шамамен 1,2 миллион адам келген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жоғары.
Талдау деректеріне сәйкес, туристердің 77 пайызы қалаға демалу, іс-шараларға қатысу және сауда жасау мақсатында келеді. Ал 23 пайызы іскерлік және мәдени сапармен табан тірейді. Елордаға келген туристер саны бойынша алғашқы бестікке Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ кірді.
«Іс-шаралар туризмі Астанаға келетін туристік ағынның негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. 2025 жылы қаланың қолдауымен 56 ірі халықаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға жалпы саны 300 мыңнан астам адам қатысты. Әсіресе концерттік бағдарламаларды атап өткім келеді. Jennifer Lopez пен Backstreet Boys концерттері 55 мыңнан астам көрерменді жинады. Оның шамамен 20 мыңы – шетелдік турист. Концерт өткен күндері қонақүйлердің толымдылығы 95 пайызға дейін жетті», – деді елорда әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, отырыс барысында саланы дамытудың басым бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту және көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру, жаңа туристік өнімдер қалыптастыру, инклюзивті қалалық орта құру, елорданың брендін халықаралық деңгейде ілгерілету, сондай-ақ туристік сервистерді белсенді цифрландыру мәселелері белгіленді.
Жиын аясында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен «Air Astana» әуе компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат елорданың халықаралық танымалдылығын арттыруға, шетелдік қонақтар ағынын көбейтуге және туризм саласын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында меморандум жасалды. Құжат MICE бағытын дамыту және іскерлік туризм саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.
Туризм жөніндегі Сарапшылық кеңес мемлекеттік құрылымдар мен сала өкілдері арасындағы диалог алаңы болып саналады. Оның қызметі тиімді туристік саясат қалыптастыруға және елорданы ішкі әрі халықаралық нарықта дамытуға бағытталған.
Отырыс соңында Евгений Глотов туризмді дамыту Астананың экономикалық өсіміндегі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
Ол бірлескен күш-жігердің арқасында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, елорданың заманауи, жайлы әрі қонақтар үшін тартымды қала ретіндегі мәртебесін нығайтуға, сондай-ақ Астананы гүлденген туристік орталыққа айналдыруға мүмкіндік бар екенін айтты.