Михаил Шайдоровты Астанада жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды

Михаил Шайдоровты Астанада жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды

Астанада қысқы Олимпиада жүлдегерлерін жанкүйер қауым салтанатты түрде қарсы алды. Елорда әуежайына мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен спортшы Софья Самоделкина келді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спортшыларды жанкүйерлер, туған-туыстары және спорт қауымдастығының өкілдері күтіп алды.

Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаны және Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қассанованы Астана әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы және Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин құттықтады.

Геннадий Головкин бұл жеңістің тарихи маңызын атап өтті.

«Бүгін нағыз батырларымыз үлкен жолдан келді. Ең алдымен, чемпиондарды тәрбиелеген бапкерлер мен отбасыларына алғыс айтуымыз керек. Қазақстан бұл алтынға әбден лайық болды. Олар – біздің жаңа қаһармандарымыз, – деді ол.
Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының атынан және демеушілердің қолдауымен спортшылар мен бапкерлерге пәтер кілттері табысталды.

Михаил Шайдоров пен оның бапкері Алексей Урмановқа үш бөлмелі, ал Софья Самоделкина мен Әсем Қассановаға бір бөлмелі пәтер берілді.

Бауыржан Ералы Олимпиадада 32 жылдан кейін Қазақстан әнұранының шырқалғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Софья Самоделкина да үздік ондыққа еніп, үлкен нәтиже көрсетті.

Өз кезегінде Михаил Шайдоров жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, бұл қолдау оған алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға үлкен күш беретінін айтты.