
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру кездесуін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының басшысы Сайран Мұстафиннің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік ҚР Кәсіпкерлік кодексінің қолданылу аясынан шығарылып, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың дербес тәртібі қалыптастырылды. 2026 жылдан бастап бұл сала тікелей «Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» заңы» арқылы реттеледі.
«Жаңа тетік аясында тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізілуде. Жыл сайын тексеруге жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілер мен объектілер жатады. Олар – өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын міндетті түрде ұсынуға тиіс қауіпті өндірістік нысандар, дайындаушы зауыт белгілеген нормативтік қызмет мерзімі өткен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын нысандар», – деді Сайран Мұстафин.
Оның мәліметінше, жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған субъектілер үш жылда бір реттен артық тексерілмейді.
«Тексеру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектісін 30 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету талабы алынып тасталды. Енді хабарлама бір жұмыс күні бұрын жолданады. Бұл бақылау органдарына қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нақты жай-күйі туралы объективті көрініс алуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ТЖД басқарма басшысы.
2027 жылдан бастап барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері міндетті түрде аттестаттаудан өтеді. Бұл талап қауіпті өндірістік нысандарды пайдаланатын ұйымдардың өздері құрған қызметтерге де қатысты. Аттестаттаудан өткен қызметтер ғана тау-кен, газдан құтқару және фонтанға қарсы жұмыстарды жүргізе алады.