
Елорданың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып келеді. Қала аумағында қар күреу жұмысы тәулік бойы, тоқтаусыз жүріп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 3 982 ауыр жүк көлігі рейсі арқылы 67 мың текше метрден астам қар шығарылды.
24 ақпан күні таңертең қалада қар мен көктайғақты тазартуға шамамен 2 000 арнайы техника және 3 047 жол жұмысшысы тартылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.
Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 398 173 рейспен 5,9 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.