
Астана қаласындағы №117 мектеп базасында «Елорда білім беру ұйымдарында балалардың психологиялық және эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету» тақырыбында кеңейтілген кеңес отырысы өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева және Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Кеңес жұмысына білім беру ұйымдарының басшылары, педагог-психологтар, Полиция департаментінің өкілдері, сондай-ақ, бала құқықтарын қорғау саласының мамандары қатысты.
Кездесудің модераторы – Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев. Ол өз сөзінде мектептерде қолайлы психологиялық ортаны қалыптастыру жүйелі, кешенді және ведомствоаралық өзара іс-қимылға негізделуі тиіс екенін атап өтті. Бұл жұмыс тәуекелдерді ерте анықтауға, кәсіби сүйемелдеуге және білім беру ұйымдары басшыларының дербес жауапкершілігіне негізделуі қажет екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева балалардың психологиялық әл-ауқатын нығайту бойынша жұмысты ұйымдастыру туралы баяндама жасап, қауіпсіз, қолдау көрсететін және сенімге негізделген білім беру ортасын құрудың маңыздылығын атап өтті.
Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмысты күшейтуге және тұрақты ведомствоаралық ынтымақтастықты жолға қоюдың маңыздылығына назар аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша мына бағыттар бойынша ұсыныстар кешені әзірленді:
• профилактикалық жұмысты жүйелеу;
• педагог-психологтардың кәсіби әлеуетін арттыру;
• тәуекелдерді ерте анықтау тетіктерін жетілдіру;
• ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту.
Өткізілген кеңес білім алушылардың психологиялық және эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты нығайтуға, сондай-ақ елордалық мектептерде қауіпсіз, жайлы және қолдау көрсететін білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.