«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Алматы ауданы прокуратурасының базасында 300-ден астам студентке арналған ауқымды дәріс өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жастарға арнап аудан прокуроры Нұрлан Тойшыбеков сөз сөйледі.
Іс-шараға пауэрлифтингтен спорт шебері, рекордтар кітабының рекордшысы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Қамалиев қатысып, өзінің спорттағы жетістіктері мен өмір жолы туралы айтып берді.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру.
Дәріс барысында студенттерді қылмыстық алаяқтық схемаларға тарту мәселелері талқыланып, профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Спикерлер жеңіл жолмен ақша табу мақсатында банк деректерін өзге тұлғаларға беру немесе сырт көзге зиянсыз көрінетін өзге біреудің шотына қаражат аудару әрекеттері 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ мамандар буллинг, есірткі қылмыстары және басқа да құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндірді.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.