
Астанада Нұра ауданының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудан мектептерінің 11-сынып оқушылары мен кәсіби-техникалық колледждердің 1-2 курс студенттері үшін «Есірткі қылмыстарының алдын алу» тақырыбында профилактика мақсатымен театрлық қойылым ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шараға 700-ден астам жасөспірім қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа өмірлік жолды саналы түрде таңдаудың маңыздылығын, заң талаптарын сақтаудың қажеттілігін және құқық бұзушылықтарға жол бермеудің мәнін жеткізу.
Көркем қойылым арқылы көрермендерге моральдық таңдау жағдайы көрсетіліп, ойланбай қабылданған шешімдердің салдары айқын бейнеленді.
Спектакль тек мәдени іс-шара ғана емес, сонымен қатар жастармен ашық диалог алаңына айналды. Қойылым жастар арасында шынайы қызығушылық пен әсерлі эмоциялар тудырды.
Осындай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық санасын нығайтып, тұрақты өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
#законипорядок #заңментәртіп