
Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай елордалық құтқарушылар мектеп оқушыларына өз жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берді. Іс-шара елордадағы М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы ғимаратында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні 1 наурызда атап өтіледі. Осы датаға орай елордалық құтқарушылар «Тұрақты әрі қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен мектеп оқушыларына арналған іс-шара өткізді.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Ренат Смағұловтың айтуынша, іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, құтқарушы мамандығын насихаттау және азаматтық қорғаныс бойынша білім деңгейін арттыру.
«Қатысушылар қатарында «Жас сарбаз» кадет сыныптарының тәрбиеленушілері мен 90 білім беру ұйымының оқушылары бар. Біз жас қонақтарға апаттық-құтқару техникаларын, заманауи құрал-жабдықтар мен арнайы жасақтарды көрсетеміз», – деді ол.
Азаматтық қорғаныс мамандары оқушыларға газтұмылдырықты дұрыс кию тәртібін және зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетуді көрсетті. Жедел-құтқару жасағының кинологтары қызметтік иттердің адамдарды құтқарудағы рөлі туралы айтып берсе, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері өз техникаларының жұмысын таныстырды.