
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында прокуратура мен Астананың Сарыарқа ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Көктал» сауда-ойын-сауық орталығында шағын бизнес өкілдері мен келушілер арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жүргізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акция ұйымдастырушылары есірткі саудагерлерінің арбауына түспеу жолдарын түсіндірді. Атап айтқанда, жұмыс іздеу кезінде мемлекеттік ұйымдарға жүгіну қажеттігі, күмәнді жеке хабарландыруларға сенбеу керектігі айтылды. Себебі ойланбай жасалған әрекеттер орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткі және психотроптық заттарды қолдануға қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы қолданыстағы заңнаманы түсіндіру.
Кездесу барысында тыйым салынған заттарды сақтау, тарату және қолдануға байланысты құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллиннің айтуынша, есірткіні қолданудың әлеуметтік, медициналық және құқықтық салдарына, сондай-ақ тәуелділіктің жастардың денсаулығына, болашағына және қоғамдағы орнына әсеріне ерекше назар аударылған.
«Өткен жылы аудан прокуратурасымен бірлесіп, нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған 50-ге жуық іс-шара өткіздік. Биыл қаңтар айынан бастап бұл кездесулерді қайта жалғастырдық», – деді ол.
#законипорядок #заңментәртіп