Астанада қыс мезгілі басталғалы бері қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Қаланы қардан тазарту жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде қар полигондарына 2 140 ауыр жүк көлігінің рейсімен елордадан 35 289 текше метр қар мен мұз шығарылды.
19 ақпан күні таңертеңнен бастап қаланы қар мен мұздан тазарту жұмысына 1 673 арнайы техника мен 3 079 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 368 837 рейспен 5 млн 432 мың 198 текше метр қар шығарылған.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.