Астанада Байқоңыр ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

Астанада Байқоңыр ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

Астана қаласында Байқоңыр ауданы әкімдігінің ғимаратында аудандық Ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияға Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Намазшамов, төраға орынбасары Мұрат Іргебаев және кеңес мүшелері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жиын барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Намазшамов 2021-2025 жылдар аралығындағы атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндама жасап, ардагерлер қозғалысын дамыту бағытындағы негізгі нәтижелерге тоқталды.
«Есепті кезеңде аудандық Ардагерлер кеңесі ардагерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға және жастармен сабақтастықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізді. Кеңес жұмысы әлеуметтік қолдау көрсету, мәдени-рухани шараларға тарту және ардагерлердің өмір сапасын жақсарту бағытында жүзеге асырылды», – деп атап өтті.

Төрағаның айтуынша, бүгінде аудан бойынша 12 мыңға жуық зейнеткер тіркелген. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері, жалғыз тұратын қариялар, сондай-ақ ерекше тарихи тағдыр иелері бар. Кеңес тарапынан бұл азаматтарға тұрақты түрде әлеуметтік және тұрмыстық қолдау көрсетіліп келеді.

Сондай-ақ, есепті кезеңде қайырымдылық, экологиялық және мәдени бағыттағы жұмыстар жүргізілген. Ардагерлер республикалық «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, абаттандыру, ағаш отырғызу жұмысына атсалысқан. Баяндаманың қорытындысында төраға алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге тоқталып, ардагерлер ұйымының жұмысын одан әрі жетілдіру қажеттігін де айтып өтті.

«Алдағы уақытта ардагерлер ұйымының жұмысын күшейтіп, жаңа мүшелерді тарту, тыл еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру мәселелерін көтеру және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бағытында жұмыс жалғасады», – деді Қуаныш Намазшамов.
Іс-шара соңында ардагерлердің бір дауыстан қолдауының нәтижесінде Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесінің алдағы бес жылдағы төрағасы қызметіне бір ауыздан Қуаныш Намазшамұлы қайта сайланды.