Астанада қыс мезгілі басталғалы бері 5,2 млн текше метрден астам қар шығарылды

Астанада қыс мезгілі басталғалы бері 5,2 млн текше метрден астам қар шығарылды
Қыс мезгілі басталғалы бері Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Қар күреу жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде қар полигондарына 2 935 ауыр жүк көлігінің рейсімен елордадан 47 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.

16 ақпан күні таңертеңнен бастап қаланы қар мен мұзды тазарту жұмысына 1 634 арнайы техника мен 3 078 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 357 274 рейспен 5,2 млн текше метрден аса қар шығарылған.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.