«Заң мен тәртіп»: елордалық оқушыларға адвокаттардың жұмысы көрсетілді

«Заң мен тәртіп»: елордалық оқушыларға адвокаттардың жұмысы көрсетілді

Елордадағы №97 мектеп-гимназиясында «Бір күн – адвокатпен» атты кәсіби бағдар беру және ағартушылық кездесу өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп: адвокат мамандығының қыр-сыры» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Шара «Әділет мектебі» жобасын дамыту аясында ұйымдастырылып, оған 8-9-сыныптардың 250-ге жуық оқушысы қатысты. Негізгі мақсат – оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт беру.
Кездесуде спикер ретінде заңгер, Z&B Consulting компаниясының құрылтайшысы Әзиза Мұқашева және ADAL Solution консалтингтік орталығының негізін қалаушы Анар Сағындықова сөз сөйледі. TEDx форматында сарапшылар адвокат мамандығы туралы айтып, тәжірибелік кейстермен бөлісті және оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Қатысушылар үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы «Қорлау» бойынша сот отырысының үлгісін көрсету ерекше қызығушылық тудырды. Процесс мектепте бұрын ашылған арнайы жабдықталған сот кабинетінде өтті.
Мектеп-гимназияның директоры Замзагүл Қиянованың айтуынша, оқу орны гимназия болғандықтан, құқықтану бағыты таңдалған және осы мақсатта жеке сот кабинеті ашылған. Бүгін М.Нәрікбаев атындағы университеттің 4-курс студенттерімен бірлесіп сот процесі өткізілді, онда адвокаттың сот отырысындағы рөлі көрнекі түрде көрсетілді. Оқушыларға тәжірибелі адвокаттар мамандықтың маңызын түсіндірді.

Директордың айтуынша, мектеп алдағы уақытта да құқықтық бағытты дамытуды жоспарлап отыр. Іс-шарадан кейін Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ, М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университеті және Esil University жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қою көзделген.

Сондай-ақ криминалистика және детектив кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Мақсат – оқушылардың құқық саласына қызығушылығын арттыру. Мектеп басшылығының айтуынша, балалар мектеп қабырғасында заң негіздерін біліп, өз құқықтарын қорғауды үйренуі тиіс.

Мектепте қазақ және орыс тілдерінде оқытатын екі бейіндік 8-сынып ашылған. Онда құқық негіздері мен жекелеген заңгерлік мамандықтар тереңдетіліп оқытылады.

Оқушы Даниял Қалиевтің айтуынша, сот процесі қорлау ісі бойынша ұйымдастырылған. Көбіне мектепте кездесетін жағдайлар – қорлау, кибербуллинг мысалға алынады. Мұндай әрекеттер заңмен жазаланатыны және жауапкершілік ата-аналарға да жүктелуі мүмкін екені көрсетіледі.

Ал Қайсар Бейсенбаев мұндай іс-шаралар сот талқылауының қалай өтетінін тәжірибе жүзінде түсінуге көмектесетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай формат оқу үдерісіне қызығушылықты арттырып, заң нормаларын жақсы меңгеруге мүмкіндік береді.

#законипорядок #заңментәртіп