Астанада мұғалімдерге арналған қалалық STEM-олимпиадаcsның екінші кезеңі өтті

Астанада мұғалімдерге арналған қалалық STEM-олимпиадаcsның екінші кезеңі өтті

Астанада Әдістемелік орталық пен №105 жалпы білім беретін мектеп бірлесіп «Білім беру үдерісінде STEM-технологияларды қолдану» атты байқау өткізді. Іс-шара информатика, физика және көркем еңбек пәні мұғалімдеріне арналған қалалық олимпиада аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қатысушыларды №105 мектеп директоры Мейірім Ашу құттықтап, STEM бағытын дамытуға ұмтылып жүрген бастамашыл әрі шығармашыл педагогтерге сәттілік тіледі.

Олимпиаданың негізгі мақсаты – педагогтердің STEM саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін дамыту. Міндеттері қатарында тәжірибе алмасу, оқытудағы үздік практикаларды енгізу, инновациялық әдістерді қолдану, STEM-ді мектеп жүйесіне кіріктіру бойынша идеялар әзірлеу және кәсіби өзара іс-қимыл алаңын қалыптастыру бар.

Байқау екі іріктеу кезеңінен тұрды. Алғашқы онлайн кезеңге Астананың 80 мектебі қатысты. Нәтижесінде 25 мектеп екінші кезеңге жолдама алды. Қатысушылар оқу үдерісінде STEM-технологияларды тиімді қолдану бойынша жобаларын таныстырды. Жұмыстар пәнаралық ықпалдастық, инновациялық шешімдер және тәжірибеде қолдану мүмкіндігі тұрғысынан бағаланды.

«Роботек» робототехника мектебінің директоры Санжар Шалқарбеков STEM пәндерімен айналысатын оқушылар болашақта ел дамуына үлес қосатын мамандарға айналатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі нәтижеден гөрі тәжірибе мен ізденіс маңызды, сондықтан қатысушылар батыл түрде идеяларын ұсынып, бір-бірінен үйренуі қажет.

Олимпиада төрт кезеңнен тұрды: STEM-TEST, BRAIN BATTLE, «Инженерия» және «Жобаларды қорғау». STEM-TEST барысында командалар физика, информатика, көркем еңбек және инженерия пәндері бойынша сұрақтарға ұйымдастырушылар ұсынған бір ноутбук арқылы жауап берді. Екінші кезеңде логикалық ойлау мен білімдерін көрсетті. Үшінші кезеңде берілген құралдарды пайдаланып инженерлік тапсырманы шешті. Қорытынды кезеңде онлайн-іріктеуде ұсынылған жобалар қорғалып, әр командаға үш минут уақыт берілді.

Байқау соңында қатысушылар жаңа идеялармен және тәжірибелік ұсыныстармен алмасып, алдағы уақытта да ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.