Астана қаласы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында және жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында студенттер мен сотталғандар арасында телекөпір өтті. Іс-шараға 300-ден астам студент қамтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және студенттерді заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алуға бағытталды.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жастарды толғандыратын өзекті сұрақтарға жауап беріп, қылмыстар үшін жауапкершілік, алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен схемалары, жастарды есірткі заттарын таратуға тарту әдістері, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шаралары туралы түсіндірмелер берді.
Телекөпірдің басты ерекшелігі – студенттердің сотталғандармен тікелей, ашық форматта пікір алмасуы. Олар өз өмірлік тәжірибелері арқылы ойланбай қабылданған шешімдердің салдары және бір ғана қателіктің адамның тағдырын қалай түбегейлі өзгертуі мүмкін екенін айтып берді.
Құқық қорғау органдары тарапынан тұрақты негізде өткізілетін мұндай кездесулер «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, жауапкершілікті және өз болашағына саналы көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Телекөпір қорытындысы бойынша қатысушылар тікелей диалог форматы мен тәжірибеге бағытталған тәсіл профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыратынын және алдағы уақытта да студент жастармен жұмыс барысында қолданылатын болатынын атап өтті.