
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Алматы ауданы әкімдігінде кәсіпкерлерге арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесу тақырыбы жаңа Салық кодексі болды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Алматы ауданы әкімінің аппараты аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Салық қызметінің өкілдері аудан кәсіпкерлеріне кодекске енгізілген жаңашылдықтарды, оның ішінде шағын және орта бизнеске арналған салық салу ерекшеліктерін, салық төлеу және берешекті өндіріп алу қағидаларын, сондай-ақ салық рәсімдерін жеңілдету шараларын түсіндірді.
Корпоративтік табыс салығына (КТС), қосылған құн салығына (ҚҚС) және арнайы салық режимдеріне қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар спикерлер кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Іс-шараның мақсаты – кәсіпкерлік қызметке әсер ететін салық заңнамасындағы негізгі өзгерістер мен нормаларды түсіндіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру.
Кәсіпкерлерге жаңа заңның енгізілуіне және арнайы салық режиміне көшуге байланысты 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығындағы өтпелі кезеңде қолданылатын салық режимі туралы хабарлама ұсыну қажеттігі еске салынды. Белгіленген мерзімде хабарлама ұсынбаған салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне ауыстырылады.