Астанада Алматы ауданының Ардагерлер кеңесі бес жылдық жұмысы туралы есеп берді

Астанада Алматы ауданының Ардагерлер кеңесі бес жылдық жұмысы туралы есеп берді

Астананың Алматы ауданы әкімдігінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ құрамындағы аудандық Ардагерлер кеңесінің V есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Кездесуде ұйымның соңғы бес жылдағы жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Конференция жұмысына Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, қалалық мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері қатысты.

Конференцияға ауданның ардагерлер қауымдастығының атынан 52 делегат сайланды. Олар өткен бес жылдағы жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басымдықтарды белгіледі.

Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин 2021-2025 жылдар аралығында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
«Қазіргі уақытта Алматы ауданында 29 154 зейнеткер тұрады, олардың 50 пайыздан астамы белсенді өмір салтына тартылған. Ауданда 50 бастауыш ардагерлер ұйымы, түрлі қоғамдық құрылымдар және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Аудандық Ардагерлер кеңесінің есебінде Ұлы Отан соғысының бір ардагері – 102 жастағы Рзағұл Байкешев, 192 тыл еңбеккері, 15 жалғыз тұратын зейнеткер бар. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы бізден жаңа Сарайшық ауданы бөлініп шықты. Ол жаққа 11 бастауыш ардагерлер ұйымы өтті», – деді спикер.

Сонымен қатар ол мемлекет тарапынан қарт адамдардың өмір сүруіне жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Қалада соғыс және еңбек ардагерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері тиісті деңгейде шешіліп келеді.

Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов те ардагерлерге арнап құттықтау сөз сөйледі.
«Есепті жылы сіздермен бірлесіп қоғамдық маңызы бар мәдени-көпшілік және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырдық. Теміржолшылар тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті, оның базасында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы орын бөлінді. Жыл бойы біз қалалық сенбіліктерге қатысып, қоғамдық кеңістіктер мен жаңа аулалардың ашылуына белсенді атсалыстық. Алда да бірлескен көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Осы ретте бастамаларымызды қолдап, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Өз тарапымыздан туындаған барлық мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді аудан әкімі.

Конференция барысында делегаттар мен шақырылған қонақтардың баяндамалары тыңдалып, Ардагерлер кеңесінің қызметіне баға берілді. Қатысушылар сондай-ақ жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін алдағы референдумға ардагерлердің қатысуын талқылады.

Делегаттар аудандық Ардагерлер кеңесі мен Тексеру комиссиясының жаңа құрамын сайлап, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің XII есеп беру-сайлау конференциясына қатысатын делегаттарды анықтады.
Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Марат Мұстафин қайта сайланды.