«Заң мен тәртіп»: елордалық Достық үйінде «STOP Stalking және қауіп аймағы» семинары өтті

«Заң мен тәртіп»: елордалық Достық үйінде «STOP Stalking және қауіп аймағы» семинары өтті

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық Достық үйінде «STOP Stalking және қауіп аймағы» атты ведомствоаралық семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараны қалалық Полиция департаменті өткізді.
Семинарға құқық қорғау органдарының, прокуратураның, соттың, психологиялық қызметтердің, денсаулық сақтау және білім беру саласының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Негізгі мақсат – сталкинг пен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу, ерте анықтау және жолын кесу бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру.

Астана қаласының Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлованың айтуынша, семинар әйелдер мен балаларды сталкингтен қорғауға бағытталған.

«Сталкинг – психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі. Ол басқа адамды табанды түрде қудалау арқылы көрініс табады. Бұл – аңду, қорқыту, бопсалау, әлеуметтік желілер арқылы үздіксіз қоңырау шалу немесе қорқыту, балағаттау сипатындағы хабарламалар жолдау. Көбіне жәбірленушілер – әйелдер мен балалар. Биыл қаңтар айынан бері Астанада сталкингтің 12 дерегі тіркелді. Оның алтауында күдіктілер бұрынғы күйеуі, бірге тұрған азаматы немесе бұрынғы жігіті болған. Сондай-ақ бейтаныс ер адамның кәмелетке толмаған қызды қудалау дерегі де тіркелді», – деді ол.

Спикер сталкинг пен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзге де түрлерінің алдын алу үшін уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және қолдау көрсету үшін мобильді топ құрылған. Оның негізгі функцияларының бірі – зорлық-зомбылық белгілері туралы сигналдарға жедел әрекет ету.

Алмагүл Исмағұлова сталкингтің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Тиісті нормалар ҚР Қылмыстық кодексіне өткен жылы енгізілген.
«ҚР ҚК-нің 115-1-бабы бойынша сталкинг үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Сондай-ақ 125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» енгізілді. Ол үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұлдан бастап 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза 10 жылға дейін ұлғаюы мүмкін», – деді спикер.