Астанада қар күреу жұмысына шамамен екі мыңға жуық арнайы техника шығарылды

Астанада қар күреу жұмысына шамамен екі мыңға жуық арнайы техника шығарылды
Астананың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ауа райының қолайсыздығына, қарлы боранға және аязды күнге қарамастан, үздіксіз жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде елордадан 3539 ауыр жүк көлігі арқылы 61 000 текше метрден астам қар мен мұз қар шығарылды.
12 ақпан күні таңертеңнен бастап қалада қар мен мұзды тазарту үшін шамамен 2000-ға жуық арнайы техника мен 3027 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 322 404 рейспен 4,6 млн текше метрден аса қар шығарылған.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.