
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық №63 «Әсемай» балабақшасында тәрбиеленушілердің ата-аналарымен қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға 50 ата-ана қатысты.
Профилактикалық кездесу «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Астана қаласы бойынша қызметкерлері өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналардың қаржылық және цифрлық саладағы заманауи қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ өзін және балаларын алаяқтықтан және интернеттегі қауіптерден қорғау бойынша практикалық дағдылар қалыптастыру.
Кездесу барысында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасы басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова қаржылық алаяқтықтың ең кең тараған схемалары, банк шоттары мен жеке деректерді қорғау тәсілдері, онлайн-төлемдер мен цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану қағидалары туралы айтып берді.
Қаржы пирамидаларына тарту мәселелеріне, олардың негізгі белгілеріне, сондай-ақ интернет желісінде таралатын дипфейктерге ерекше назар аударылды.
Қатысушылар алаяқтықтың алдын алу, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды тану, сондай-ақ балаларға цифрлық ортадағы қауіпсіздік ережелері туралы сенімді диалог құру бойынша практикалық ұсынымдар алды.
Іс-шара соңында №63 «Әсемай» балабақшасының әкімшілігі мазмұнды әрі өзекті кездесу өткізгені үшін департамент қызметкерлеріне, сондай-ақ белсенді қатысқаны үшін ата-аналарға алғыс білдірді.