
Астанада Nazarbayev University қабырғасында «Жаңа деңгейдегі кәсіби бизнес-тренерлік» атты Master Trainers Forum өтті. Қазақстанның бизнес-тренерлеріне арналған мастер-форумға 80-нен астам қатысушы жиналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Форум Қазақстан бизнес-тренерлері қауымдастығының бастамасымен Nazarbayev University жанындағы Кәсіпкерлікті зерттеу орталығымен (NURCE) серіктестікте, орнықты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған білім беру бастамалары аясында ұйымдастырылды. Іс-шара Абайдың «Толық адам» философиясына негізделіп, құндылықтарға сүйенген көзқарасты заманауи ESG қағидаттары мен басқару тәжірибелерімен ұштастырды.
Мастер-форум бір алаңда бизнес-тренерлерді, сарапшыларды, жоғары оқу орындары мен бизнес-мектептердің, зерттеу орталықтарының өкілдерін және кәсіби қауымдастық мүшелерін тоғыстырды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары бизнес-білім беру сапасы, тренинг қызметтері нарығының трансформациясы, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін орнықты әрі ұзақ мерзімді нәтижелерге деген сұраныс болды.
Nazarbayev University жанындағы Кәсіпкерлікті зерттеу орталығының (NURCE) директоры, профессор Шумайла Юсуфзай бизнес-білім берудің қазіргі бағыттарына тоқталды.
«Бүгінде бизнес-білім жаппай, қолжетімді әрі жылдам сипат алып келеді, бұл жағынан құндылық бар, бірақ тәуекел де жоқ емес. Оқу тек техникалар мен дайын табыс формулаларына тіреліп қалса, ең бастысы – сол білімді қолданатын адам назардан тыс қалады. Кәсіпкерлік тек өсім мен тиімділік емес, ол – жауапкершілік, этикалық таңдау және белгісіздік жағдайында тұрақтылықты сақтай білу. Абай философиясына жүгіну біз үшін тек идея емес, практикалық қадам. Оның ойлары күнделікті шешім қабылдауда, оқытуда, адамдарға деген көзқараста және бизнесті жүргізу тәсілінде көрініс табуы тиіс», – деді ол.
Профессордың айтуынша, орнықты даму тек инфрақұрылым мен саясаттан ғана емес, ең алдымен тұлғаның сапасынан – оның шешімдері, этикасы мен ішкі тұрақтылығынан басталады.
Екі күнге созылған форум бағдарламасында бизнес-білім берудегі негізгі үрдістер, сарапшы рөлінің өзгеруі, кәсіби қауымдастықтың күтілімдері, сондай-ақ бизнес-тренерлердің жеке және кәсіби орнықтылығы мәселелері кеңінен талқыланды.