
Астанада Қазақстан халқының XXVII қалалық «Бірлігі жарасқан Қазақстан» достық фестивалі өтті. Іс-шараны Достық үйі ұйымдастырып, оған елордалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль этномәдени бірлестіктер мүшелерінің шығармашылық бастамаларын қолдауға және дамытуға, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға, сондай-ақ жас таланттарды анықтауға бағытталды.
Сонымен қатар өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік және патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ерекше мән берілді.
Фестивальге қатысушылардың қатарында «Астана қаласының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің шығармашылық ұжымдары да болды. Бірлестік төрағасы Андрей Авдеевтің айтуынша, мұндай шаралар ұжымдардың шығармашылық дамуы үшін маңызды рөл атқарады.
«Біздің қоғамдық бірлестікте үш шығармашылық ұжым жұмыс істейді. «Ладушка» орыс әндері ансамблі – тарихы терең, қалыптасқан ұжым. «Богатица» казак әндері ансамблі өткен жылы жеті жылдығын атап өтті, ал «Купава» вокалдық тобы тек былтыр ғана құрылды. Бүгін осы үш ұжым да осы сахнада өнер көрсетті. Мұндай іс-шаралар бір жағынан үлкен бас репетиция болса, екінші жағынан – әлеуетті көрерменге өздерін танытуға және жаңа, бейтаныс сахнада бағын сынап көруге мүмкіндік. Бұл – тек оң тәжірибе», — деді ол.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Бірлігі жарасқан Қазақстан» фестивалі мәдениет пен шығармашылықтың қоғамды біріктіретін қуатты күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өнер арқылы біз жас ұрпаққа бейбітшілік, келісім және еліміздің көптүрлілігіне деген құрмет құндылықтарын жеткіземіз», – деп атап өтті елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы медиаорталығының басшысы Равиль Валеев.