
Астана қаласындағы Әлеуметтік-инновациялық хабта әлеуметтік кәсіпкерлердің қатысуымен Конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу барысында қатысушыларға Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістер, жаңа баптар мен түзетулер, сондай-ақ олардың азаматтық белсенділік пен кәсіпкерлік қызметке ықпалы туралы кеңінен ақпарат берілді. Әлеуметтік бизнесті қолдау мәселелеріне және кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
«Конституция – елдегі барлық нормативтік-құқықтық актінің, оның ішінде Кәсіпкерлік кодекстің де негізі болып саналатын басты заң. Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай өзгерістер қабылданып жатқанын және олардың қызметіне қалай әсер ететінін түсіндіру аса маңызды», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Қадір Қуаныш.
Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдерімен Конституциялық реформаларды талқылау негізгі өзгерістерді түсінікті тілде жеткізуге және мемлекет, бизнес, қоғам арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Мен әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміндемін. Осы кездесуге шақырылып, Конституциядағы түзетулер мен жаңа баптар туралы жан-жақты мәлімет алдым. Мұнда бәрін өте түсінікті етіп түсіндірді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау мен жаңа мүмкіндіктер туралы бұрын білмеген көптеген пайдалы ақпаратқа қанықтым», – деді кездесуге қатысқан әлеуметтік кәсіпкер Мадина.
Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, кәсіпкерлерді ақпараттандыруға және олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталмақ.