Астанадан бір түнде 30 мың текше метрден астам қар шығарылды

Астанадан бір түнде 30 мың текше метрден астам қар шығарылды
Елорданың коммуналдық қызметі тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қар күреу жұмысы күндіз де, түнде де жүріп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 1 980 рейспен 30 мың текше метрден астам қар шығарылды.
5 ақпан күні таңертеңнен бастап қар күреу жұмысына 3 092 жол жұмысшысы мен 1 344 арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 258 811 рейспен 3 млн 629 мың 979 текше метр қар шығарылған.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.