АПВ-ға қарсы вакцинация қатерлі ісіктің алдын алады: елорда дәрігерлері астаналықтарға үндеу жасады

АПВ-ға қарсы вакцинация қатерлі ісіктің алдын алады: елорда дәрігерлері астаналықтарға үндеу жасады

Елордада жыл сайын жатыр мойны обырының 120-дан астам жаңа дерегі тіркеледі. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерттің басым бөлігі адам папилломасы вирусын (АПВ) жұқтыру салдарынан дамиды. Мамандар бұл онкологиялық аурудың алдын алуға уақытылы вакцинация көмектесетінін айтады. АПВ-ға қарсы иммундау науқаны туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева, акушер-гинеколог дәрігер, профессор әрі №13 қалалық емхананың директоры Жанерке Әжетова баяндады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада 2024 жылдың 20 қыркүйегінен бастап Ұлттық екпе күнтізбесі аясында 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. Иммундау үшін АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Ол АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінен, оның ішінде ең қауіпті онкогенді 16 және 18 типтерінен қорғайды. Вакцина екі кезеңмен, алты айлық аралықпен салынады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша вакцинаның бірінші дозасын 7 094 қыз алған, бұл мақсатты топтың 47,18 пайызын құрайды. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша екінші дозамен 8 035 қыз қамтылып, вакцинация деңгейі 42,8 пайызға жеткен.

Мамандардың айтуынша, «Гардасил» вакцинасы қауіпсіз, оның құрамында тірі вирус немесе оның ДНҚ-сы жоқ, сондықтан АПВ-инфекциясын немесе онкологиялық ауруды тудырмайды. Вакцинадан кейінгі ықтимал реакциялар қысқа мерзімді болып, екпе салынған жерде қызару немесе дене қызуының сәл көтерілуімен ғана шектеледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинацияны жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізуді ұсынады. Қазақстанда бұл вакцина Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және 11 жастағы қыз балаларға тегін, екі рет салынады.

«Ата-аналарға, педагогтерге, медицина қызметкерлеріне және қоғам көшбасшыларына профилактиканы қолдап, дәлелді медицинаға сенуге шақырамыз. Астанада вакцинация барлық емханада 11 жастан 13 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларға дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін тегін жүргізіледі. АПВ-ға қарсы вакцинация – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған стратегиялық инвестиция әрі онкологиялық аурулар жүгін азайтудың тиімді жолы. Астана бұл бағытта бүкіл елге үлгі бола алады», – деді спикерлер.