«Заң мен тәртіп»: Астанада бүлдіршіндерге арнап театрландырылған қойылым өтті

«Заң мен тәртіп»: Астанада бүлдіршіндерге арнап театрландырылған қойылым өтті

Астана қаласындағы №58 «Өркен» балабақшасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мектепке дейінгі балаларға арналған «Адалдық дүкені» атты театрландырылған қойылым өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға 3-4-5 жас топтарының тәрбиеленушілері белсенді қатысты. Балалар үшін таныс әрі қызықты орта «Өркен» супермаркеті сахналық көрініс ретінде безендіріліп, шағын дүкен үлгісінде қойылды. Сөрелер, ойыншық тауарлар, ойын ақшалар балалардың қызығушылығын бірден арттырды.

Сюжет желісінде бір кейіпкердің қателігінің салдары көрсетіліп, кейін оны түзету жолдары бейнеленді. Осы арқылы балалар «әр істің салдары болады» деген ойды өздері сезініп, көрініс арқылы түсіне алды. Залдағы балалар қойылымды қызыға тамашалап, кей сәттерде кейіпкерлерге жанашырлық танытып, белсенді эмоция көрсетті.

«Бүгінгі «Адалдық дүкені» қойылымы – балалардың бойына адамгершілік құндылықтарды ерте жастан сіңіруге бағытталған маңызды тәрбиелік жұмыс. Адалдық, шыншылдық, жауапкершілік сияқты қасиеттер бала өмірінің алғашқы кезеңінен қалыптасуы тиіс.

Осындай ойын және театрландырылған іс-шаралар арқылы біз балаларға дұрыс мінез-құлықты жеңіл әрі қызықты түрде үйрете аламыз. Бұл – болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадам», – дейді №58 «Өркен» балабақшасының меңгерушісі Гүлнұр Мырзағұлова.

#законипорядок #заңментәртіп