Елордада балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызу қызылшаға қарсы вакцина болған жағдайда ғана жүргізіледі

Елордада балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызу қызылшаға қарсы вакцина болған жағдайда ғана жүргізіледі

Астанада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызу тек қызылшаға қарсы вакцина болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

2026 жылғы 27 қаңтардағы Астана қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу туралы қаулының 1.7-тармағына сәйкес, балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызу тек қызылшаға қарсы вакцинация болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Қызылшаға қарсы егілгенін растайтын құжаттық дәлел болуы тиіс (вакцинация жүргізілгені немесе ауруды өткергені туралы мәліметтер). Бұл шара стационар ішінде инфекцияның таралу қаупінің алдын алу және қызылшаның алдын алу мақсатында енгізілді.

Қызылша – ауа-тамшылы жолмен берілетін, өте жұқпалы вирустық ауру және жабық ғимараттарда едәуір қашықтыққа таралуы мүмкін. Вирустың стационарға енуі айрықша қауіп төндіреді, себебі бөлімшелерде әлсіреген балалар, оның ішінде созылмалы аурулары бар және иммунитеті төмен балалар жатады. Олар үшін қызылша ауыр түрде өтіп, асқынулармен қатар жүруі мүмкін.

Бұл шектеулер тек жоспарлы түрде жатқызуға қатысты.

Жедел медициналық көмек пен шұғыл госпитализация баланың вакцинация мәртебесіне қарамастан, толық көлемде және кідіріссіз көрсетіледі.