
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елорданың дамуы үшін тартылған инвестиция туралы жазды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Қаланың дамуына жеке қаражат тартуды жалғастырамыз. Бұл тек әлеуметтік нысандарға ғана емес, сол сияқты өңдеу өнеркәсібі, логистика, көлік және т.б. салаларға қатысты. Елорда экономикасына 2025 жылы рекордты көлемде инвестициялар тартылды – шамамен 2,5 трлн теңге, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,3%-ға көп.
Кезекті инвестштабтың отырысында бірқатар инвестордың ұсыныстары қаралды. Олар – 500 МВт қуатты бу-газ қондырғыларын салу және пайдалану, логистикалық парк салу, 1000 балаға арналған күндізгі және пансионатты үлгідегі жеке мектеп салу және т.б.
Сонымен қатар, штабтың қарауына №2 Индустриялық паркке енгізілетін жобалар да ұсынылды. Оларға мотор майын өндіретін зауытты, ұнтақ және индустралды жабындарды шығаратын зауытты, ғылыми-зерттеу орталығын құруды, алюминий бұйымдарын өндіретін зауытты салу жатады.
Биыл іске қосылатын инвестициялық жобалардың саны шамамен 60-қа жетеді, ал инвестиция көлемі – 220 млрд теңге. Бұл жобалар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарын тұрақты түрде өткіземіз, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.