
Астанадағы негізгі спорт нысандары спорттық және демалыс инфрақұрылымын басқару саласындағы халықаралық кәсіби қауымдастықтың құрамына енді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Атап айтқанда, «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арена» мұз айдыны және «Алау» мұз сарайы 150-ден астам елдің спорттық нысандарды жобалау, пайдалану және дамыту саласындағы мамандардың басын қосатын International Association for Sports and Leisure Facilities (IAKS) халықаралық қауымдастығының қызметіне интеграцияланды.
IAKS құрамына мүшелік ареналарды басқаруда халықаралық тәсілдерді енгізу мен қолдануды көздейді. Негізгі басымдықтар қатарында бұқаралық іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, навигацияның қолайлылығы, келушілер ағынын тиімді ұйымдастыру, түрлі форматтағы іс-шараларға бейімделетін кеңістіктерді икемді трансформациялау, сондай-ақ қолжетімді және инклюзивті орта қағидаттарына сәйкестік бар.
Сонымен қатар, кәсіби қауымдастыққа мүше болу халықаралық салалық зерттеулерге, мамандандырылған форумдарға қол жеткізуге және әлемдік деңгейдегі ірі спорттық турнирлер, концерттер мен шоулар өткізетін ареналардың операторларымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Халықаралық кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту Астананың спорттық инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту мен халықаралық деңгейдегі іс-шараларды қабылдауға дайындығын арттырудың маңызды элементі ретінде қарастырылады.