
Астанада толассыз қар жауып жатыр. Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2 ақпан күні көшелер мен жолдарда 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік маршруты тазаланып, кейін аула іші, тротуарлар және аялдамалар тазартылып жатыр.
Әкімдік тұрғындарға жолда абай болуға және мүмкіндігінше алыс жолға шықпауға шақырады.
Өткен түнде қаладан арнайы полигондарға 488 рейспен 7 078 текше метр қар шығарылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері елордадан 245 мыңнан аса жүк көлігімен 3,4 млн текше метрден астам қар шығарылды.
«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, алдағы күндері Астанада жауын-шашынды ауа райы сақталады: қар, боран, тұман және көктайғақ күтіліп отыр. Күндізгі температура 0 мен -7 градус аралығында болады.
Шұғыл жағдайларда 112 нөміріне хабарласу қажет.