
Қыс мезгілі басталғалы елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті. Қала аумағынан қар тоқтаусыз шығарылып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде қала аумағынан 488 рейс арқылы арнайы полигондарға 7 078 мың текше метр қар шығарылды.
2 ақпан күні таңертеңнен бастап қар күреу жұмысына үш мыңнан астам жол жұмысшысы мен мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері қала аумағынан қар полигондарына барлығы 245 161 рейспен 3 млн 420 мың 989 текше метр қар шығарылған.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.