
Астанада Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында қазақтың күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй анасы – Дина» атты концерт өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кеш барысында көрермендер Дина Нұрпейісованың құнды мұрасымен танысты.
«Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі арнайы күй кешін өткізді.
31 қаңтар – ұлы күйшінің өмірден өткен күні, сондықтан концерттің дәл осы күні өтуі символдық мәнге ие.
Кеш барысында жаңа күйлер тыңдарманға жол тартты.
Динаның «Тойбастар» күйі жаңа форматта қайта жазылып, заманауи өңдеуде ұсынылды. Сондай-ақ «Жеңіс» пен «Кербез» күйлері алғаш рет орындалды», – деді Қазақ оркестрінің дирижері, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.
Аталған концертте Дина Нұрпейісованың қазақ күй өнеріндегі айрықша орны мен шығармашылық мұрасына тағзым жасалды.
Концертте Дина Нұрпейісова мен оның ұстазы Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі күйлері орындалды.
Қазақ оркестрі «Әсем қоңыр», «Бұлбұл», «Науысқы», «Қайран шешем», «Сарыарқа», «16-жыл» сынды күйлерді орындап, ұлттық өнердің асыл мұрасы насихатталды. Бұл шығармалар қазақ халқының тарихын, рухани болмысын және өмірлік философиясын айқын көрсетті.