
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында «Халық заңгері» және «Құқықтық дәріхана» акциялары өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акциялар аясында елорда тұрғындары мен қонақтары тегін білікті заң көмегін алып, құқықтық және әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің кең ауқымы бойынша кеңес ала алады.
Акциялар барысында азаматтарды жеке қабылдауды мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, әкімдіктің өкілдері, сондай-ақ еліміздің жетекші заңгерлері мен адвокаттары жүргізеді.
Қатысушыларға нақты өмірлік жағдайларды түсіндіріп, қажет болған жағдайда оларды жедел шешу жолдарын табуға көмектеседі.
Өз әсерін елорда тұрғыны Ақбота былайша жеткізді. Ол мұндай іс-шараларға алғаш рет келіп отырған жоқ. «Мен „Құқықтық дәріхана“ мен „Халық заңгері“ акцияларына бірнеше рет қатыстым.
Форматы өте ұнайды — түрлі мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей сұрақ қоюға болады.
Мұнда шынымен көмектеседі, түсіндіреді, кеңес береді. Кейбір мәселелерімді бірнеше ай бұрын-ақ шешіп алдым.
Таныстарыма да келуге кеңес беремін, тегін әрі өте пайдалы. Осындай акциялар жиі өткізілсе екен», – деді ол.
Астана қаласы Нұра ауданының прокуроры Ақылбек Құдіреттің айтуынша, мұндай іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, халыққа құқықтық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
«Осындай акциялардың нақты нәтижесі бар. Адамдар көмекке сол жерде-ақ қол жеткізеді – тек құқықтық емес, күнделікті тұрмыстық мәселелер бойынша да. Мұнда жергілікті атқарушы органдардың, санитарлық қызметтің, төтенше және басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысады. Бұл азаматтарға бірден кеңес алып, нақты мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Оның айтуынша, Нұра ауданының прокуратурасы осы уақытқа дейін тұрғындармен 17 осындай кездесу өткізген. Оған 5 мыңнан астам азамат, студент пен оқушы қатысты. Қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру жұмысы жалғасады.
Сонымен қатар, келесі айда Әзербайжан Мәмбетов атындағы театрда мектеп оқушыларына арналған есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік тақырыбындағы спектакль көрсету, сондай-ақ мектеп психологтарына арналған семинар өткізу жоспарланған.
#законипорядок #заңментәртіп