
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында №13 орта мектепте оқушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және адамгершілік құндылықтарын түсіндіруге бағытталған театр ұжымдарының фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мектептегі театр үйірмесінің тәрбиеленушілері ақшаға деген көзқарас пен ойланбай жасалған әрекеттердің салдары туралы баяндайтын «Қаржылық детокс» қойылымын сахналады. Тағы бір ұжым өз қойылымында сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа деген көзқарасын көрсетті. Ал үшінші топ спектаклін «Жоғалған уақыт туралы ертегі» деп атады.
«Біз бұл фестивальді балаларға адалдық, әділдік, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік туралы түсіндіру мақсатында ұйымдастырдық. Басты міндетіміз – уақыттың қадірін білуді үйрету, қаржылық сауаттылықтың негіздерін меңгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың қарапайым тетіктерін түсіндіру. Іс-шара өзекті құқықтық және моральдық мәселелерді қолжетімді әрі шығармашылық форматта ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді», – деді театр үйірмесінің жетекшісі, музыка пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Жалатбек.