Астанада республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті

Астанада республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті

Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom school мектеп-лицейінде «PBL&AI: оқу сауаттылығының жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген педагогтар, әдіскерлер, білім саласының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Конференция аясында «Қалдықтан – құндылыққа: PBL, STEAM, AI» атты шығармашылық көрме ұйымдастырылып, онда оқушылардың жобалары қойылып, экологиялық ойлау мен технологиялық шешімдердің нақты нәтижелері көрсетілді.

«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы білім беру жүйесінің мазмұны мен оқыту тәсілдерін түбегейлі өзгертіп отыр. Президентіміздің 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы – соның айқын дәлелі. Қазіргі таңда жасанды интеллект дәуірінде ақпарат табу қиын емес, басты мәселе – тұтынушының сол ақпаратты қалай және қандай мақсатта пайдаланатынында. Сондықтан негізгі міндет – дұрыс ойлай алатын, ақпаратты саралап, тиімді қолдана білетін оқушы қалыптастыру. Жасанды интеллектіні дұрыс әрі орынды пайдалану оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолдануға тыйым салынбаған. Алайда оны педагогикалық мақсатта пайдалану кезінде білім алушылардың жас ерекшелігі мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс», – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Асыл Түймебаев.

Спикерлер жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісіншеғ педагогтың әдістемелік мүмкіндігін кеңейтетін серіктес екеніне баса назар аударды. Әсіресе «ЖИ – цифрлық әдіскер» және «Жасанды интеллект – оқу үдерісінің айнасы», «Жасанды интеллект дидактикасы: заманауи білім беру моделі» сынды түрлі тақырыпта жасалған баяндамаларда жасанды интеллект дәуірінің жаңа қадамы айқындалғандай болды.