
Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби челлендж өтіп жатыр. Іс-шара ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әдеби челленджге Нұра ауданындағы «Ұлағат» әдеби бірлестігінің мүшелері зейнеткер Рауза Ізмұрзинаның жетекшілігімен қатысуда.
Өнерсүйер зейнеткерлер бас қосқан іс-шарада зияткерлер клубының 14 мүшесі Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіре оқыды.
Іс-шара барысында ақынның көпшілікке кеңінен танымал шығармалары оқылды. Атап айтқанда, «Поэзия! Менің егіз бе едің?», «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген», «Үш бақытым», «Мен таулықпын!», «Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен», «Жұтайыншы елімнің таза ауасын…», «Мәңгілік мұра», «Не деген керемет күн», «Отан туралы» өлеңдері тыңдаушыларға ерекше әсер сыйлады.
Қатысушылар Мұқағали поэзиясының терең мағынасы мен рухани құндылығына тоқталып, ақын шығармашылығына деген шынайы құрметтерін білдірді.
Әдеби кеш барысында ақын өлеңдері арқылы отансүйгіштік, адамгершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік сынды асыл қасиеттер насихатталды.
Аталған әдеби челлендж ақынның туған күні 9 ақпанға дейін жалғасады. Өнер эстафетасын келесі кезекте Есіл ауданындағы замандастары қабылдап, игі бастаманы жалғастыратын болады.