«Заң және тәртіп»: елордалық ЖОО студенттеріне киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қалай қарсы тұру керектігі түсіндірілді

«Заң және тәртіп»: елордалық ЖОО студенттеріне киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қалай қарсы тұру керектігі түсіндірілді

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астана қалалық Полиция департаменті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде киберқылмысқа, телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға бағытталған профилактикалық семинар өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға университеттің 500-ге жуық студенті қатысты. Қатысушыларға интернет-алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлері, азаматтарды қылмыстық схемаларға тарту тәсілдері, сондай-ақ «дропперлік» қызметтің құқықтық салдары түсіндірілді. Мамандар сақ болуға, алаяқтардың айласына ермеуге және жеке әрі қаржылық деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Астана қалалық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Талғат Бөлегенов мұндай қылмыстардың саны артып келе жатқанын атап өтіп, олардың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатынын айтты. Сондай-ақ ол дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертіп, студенттерді заңсыз табыс көздерінен аулақ болуға шақырды.

«Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қорының бас директоры, «Stop-piramida» жобасының авторы Юрий Ли қаржылық пирамидалардың негізгі белгілерін түсіндіріп, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сыни көзқараспен қарау қажеттігін еске салды.
CEO Spectre Security Group компаниясының негізін қалаушы, Медет Турин заманауи киберқауіптерге тоқталып, фишингтен, жалған сайттар мен фейк аккаунттардан қорғану жолдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті.

Университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы студенттердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін атап өтті.

Кездесу соңында ашық диалог өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

#законипорядок #заңментәртіп