
Астанада қызылша ауруының тіркелуі әлі де жалғасып отыр. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері алғашқы жедел хабарламалар бойынша 622 жағдай тіркелген, оның 403-і зертханалық әдіспен расталған. Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі – уақытылы вакцина алмаған балалар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қаңтар айында қызылша диагнозымен 498 бала стационарлық ем қабылдаған. Қазіргі таңда 85 науқас емін жалғастырып жатыр, оның ішінде бір бала анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емделуде.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында елордада қосымша иммундау және қуып жету вакцинациясы белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға жаппай қосымша вакцинация ұйымдастырылып жатыр. Дегенмен, 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы сырқаттанушылықтың негізгі үлесі әлі де вакцина алмағандар арасында тіркеліп отыр. Бұл профилактикалық және иммундау шараларын одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді.
Қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларға (екпе жасына жетпеген, медициналық қарсы көрсетілімі бар немесе ата-анасының бас тартуына байланысты вакцина алмаған) науқаспен байланыста болған сәттен бастап 5 күннен кешіктірмей, қолдану нұсқаулығына сәйкес адам иммуноглобулині бұлшықетке 0,5 мл/кг мөлшерінде, бірақ 15 мл-ден аспайтын көлемде егіледі.
Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және қызылшаның ауыр салдарларының алдын алу үшін ең тиімді жол – уақытылы вакцинация.