
Елорданың Есіл ауданында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
«Қоғамдық тамақтану орындарында өрттің болуына байланысты 2025 жылдың 27 желтоқсанынан бастап түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Осы күнге дейін шамамен 270 қоғамдық тамақтану нысаны қамтылды. Мұндай орындарды аралаудағы мақсатымыз – өрттің алдын алу, мекеме басшылары мен қызметкерлеріне қауіпсіздік талаптарын түсіндіру.
Профилактикалық түсіндіру жұмысы барысында желдету және сорғы жүйелерінің жағдайына, электр жабдықтары мен сымдарының жарамдылығына, сонымен қоса оларды қолдану ережелерінің сақталуына аса мән беріледі. Себебі дәл осы факторлар көп жағдайда өрттің шығуына себеп болып жатады», – деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бас маманы Бауыржан Зайнелов.
Есіл ауданында орналасқан 10 нысанда түсіндіру жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде орналасқан шығыс және еуропалық тағамдар мейрамханаларының желісі – «Узбечка №1», «Tagam» дәмді тағамдар желісі, «Degirmen» және т.б. қоғамдық тамақтану орындары.
«2025 жылы Астанада қоғамдық тамақтану орындарында 50 өрт болды. Мұндай орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан өрт шығуда. Атап айтқанда электр желілеріндегі қысқа тұйықталу, ас үйдегі сорғыштарда май қалдықтарының уақытылы тазаланбауы, газ баллондарын қолдану талаптарының бұзылуы, отты абайсыз қолдану және т.б. Сондықтан біз дәл осындай орындарды яғни тандыр пісіретінде орындарда, асханаларда, дәмханаларда профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алдық. Тамақтану орындарының басшыларына қызметкерлерге өрт кезінде әрекет ету алгоритмдерін оқыту қажеттігі туралы айтамыз. Нақтырақ айтқанда, асханада тамақ әзірлейтін тұрмыстық техникаларды қараусыз қалдырмау, сорғыштарды майдан тазарту, пештер мен электр сымдарын тексеріп тұру, майды сумен өшірмеу, газ баллондарын қауіпсіз жерде сақтау қажеттігін ескерттік. Барлық іс-шара тек профилактикалық бағытта болады», – деді Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы инженері Әлихан Талғатұлы.
Бұл іс-шаралар өрттің шығу қаупін төмендетуге, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сонымен қоса, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.