Астанадан қыс басталғалы 3 миллион текше метрден астам қар шығарылды

Астанадан қыс басталғалы 3 миллион текше метрден астам қар шығарылды

Астана қаласында қыс мезгілі басталғалы коммуналдық қызметтер 3 миллион текше метрден астам қарды арнайы полигондарға тасымалдады. Қала жолдарында қозғалыстың қауіпсіз әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету үшін қар күреу жұмысы күндіз де, түнде де тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түннің өзінде қала аумағынан 1 595 рейспен шамамен 24 мың текше метр қар арнайы полигондарға жеткізілген.

22 қаңтардың таңынан бастап қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 433 арнайы техника жұмылдырылды.

Ал қыс басталғалы бері жалпы саны 218 516 рейспен 3 миллион текше метрден астам қар шығарылған.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.