«Суды үнемде – болашақты сақта»: Астанада мектеп оқушыларына арнап эко-сағат ұйымдастырылды

«Суды үнемде – болашақты сақта»: Астанада мектеп оқушыларына арнап эко-сағат ұйымдастырылды

Астанада «Суды үнемде – болашақты сақта» атты эко-сағат өтті. Іс-шара №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев, Ұлыбританияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Салли Аксворти, Астана қаласы Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев, қалалық Әдістемелік орталық басшысы Сындар Дәуешова және онлайн форматта Есіл ауданынан 20 және Ақмола облысынан 280 мектептің педагогтері мен оқушылары қатысты.

«Жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы еңбегі үшін «Дарын» мамандандырылған лицейі ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл тақырыпты мектеп оқушыларымен талқылаудың маңызы зор. Экологиялық мәдениет және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру бала кезінен, мектептен, күнделікті әдеттерден басталады. Болашақта еліміздің дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын ұрпақ – сіздер. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында суды ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті, бұл жұмысты ерте жастан бастау қажеттілігіне тоқталды. Бүгінгі эко-сағат осы тапсырманы нақты жүзеге асырудың жарқын үлгісі», – деді Талғат Момышев.

Ұлыбританияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Салли Аксвортидің айтуынша, әлемдегі ең көп су пайдаланатын 10 мемлекеттің қатарында Орта Азияның 4 елі бар. Олардың қатарында 1-орында – Түрікменстан, 3-орында – Өзбекстан, 7-орында – Қазақстан және 9-орында – Қырғызстан.

«Қазақстанда әрбір қала тұрғыны тәулігіне 167 литр су пайдаланады. Суды сақтау қоршаған ортаға ғана емес, өміріміздің көптеген тұсы үшін де маңызды болып саналады. Ең бастысы экожүйені сақтау, энергия шығындарын азайту, климаттың өзгеруіне төзімді болу бұлардың барлығы – біз үшін өте маңызды. Өздеріңізге мәлім, Жер бетіндегі барлық судың тек 1 пайызы ішуге жарамды. Соңғы жылдары құрғақшылық көбейіп кетті. Сонымен бірге, жауын-шашын түсімі де құбылмалы болуда. Қазіргі таңда 2 миллиардтан астам адам яғни әлем халқының ¼ су тапшылығын өте қатты сезінеді», - деді елші.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде суды көп пайдаланатын салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Себебі судың шамамен 60-70 пайызы осы мақсатта жұмсалады. Ал Ұлыбританияда керісінше ең көп қолданатын сала – тұрғын үйлер.

«Қазақстанда су саласында бірқатар күрделі мәселе бар. Мысалы, су желілерінің тозығы жеткен. Соның салдарынан су шығыны көбеюде. Су желілерінің шамамен 40 пайызы ескірген. Ал ауылдық жерлерде суға қолжетімділік – төменгі деңгейді. Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығындағы су шығынын азайтып, тиімділікті арттыру үшін көптеген қадам жасап жатыр. Мысалы, су үнемдеу үшін тамшылатып суару технологиясын қолдануда», – деді ол.

Сондай-ақ, Салли Аксворти Ұлыбританиядағы суға қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

«Ұлыбританияда көп жауын-шашын болғанымен бізде де бірақатар қиындық бар. Күрделі мәселенің бірі – суға деген сұраныстың жыл сайын өсуі. Бізде адам саны артуда. Сонымен қатар, елімізде құрғақшылық мәселесі бар, жаз мезгілі де өте ыстық болып келеді. Көпшілікке мәлім, өсімдік өсіру – біздің сүйікті ісіміз. Ұлыбританияда да су құбырлары және инфрақұрылымдар тозуда. Кейбір құбырлардың салынғанына 150 жыл болған. Олар ескі болғандықтан судың көп мөлшері далаға ағып кетеді. Мәселен, 2022 жылы Лондонда ауыз су тапшылығы тіркелді. Оған қоса өзен-көлдердің ластану проблемасы бар», – деді Салли Аксворти.

Эко-сағат Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен «Адал азамат» республикалық тәрбие жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.