Абзал Әжіғалиев: Мақсатым – Милан-2026 Олимпиадасынан жүлде алу

Абзал Әжіғалиев: Мақсатым – Милан-2026 Олимпиадасынан жүлде алу

Ел намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген елордалық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиадасына дайындықтың шешуші кезеңіне аяқ басты. Ұлттық құраманың көшбасшысы елордадағы «Алау» мұз сарайында өткен ашық жаттығу барысында басты мақсаты Олимпиада медалін жеңіп алу екенін айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спортшының айтуынша, қазіргі уақытта команда Олимпиада алдындағы соңғы жаттығуларын өткізіп жатыр.

«Қазір «Алау» мұз сарайында соңғы жаттығуларымызды пысықтап жатырмыз. Барлық жағдай жасалған. Негізгі мақсатымыз – Олимпиадаға физикалық тұрғыдан ең жоғары формада бару», – дейді Абзал Әжіғалиев.

Оның сөзінше, дайындық барысында денсаулыққа ерекше көңіл бөлініп, әлем кубогының кезеңдерінде кеткен қателіктер жан-жақты талданып жатыр.

«Әлем кубоктарындағы жарыстар біз үшін үлкен тәжірибе болды. Сол жарыстарда кеткен қателіктерді саралап, қазір сол олқылықтарды түзетуге жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті спортшы.

Абзал Әжіғалиев үшін Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиадасы карьерасындағы төртінші Олимпиада болмақ. Осыған дейін ол 2014 жылы Сочиде өткен ойындарда ерлер эстафетасында 5-орын алса, 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында 500 метр қашықтықта жүлдеге бір қадам жетпей, 4-орынға тұрақтаған.

«Бала кезден бергі арманым – Олимпиада медалін жеңіп алу. Қазақ баласы да шорт-тректен жоғары деңгейде жарыса алатынын көрсеткім келеді. Бұл мен үшін өте жауапты кезең», – дейді ұлттық құрама көшбасшысы.

Бейжің Олимпиадасынан кейін спортшы біраз уақыт халықаралық жарыстардан шет қалған еді. Осы аралықта ол жарақаттарын емдеп, шетелде арнайы дайындықтан өткен.

«Төрт жылдық дайындық физикалық та, психологиялық та тұрғыда оңай болған жоқ. Жарақаттарымды емдеп, өзіммен жұмыс істеуге уақыт бөлдім. Соның нәтижесінде жарыстарға қайта оралдым», – дейді ол.

2025 жылы Абзал Әжіғалиев Азия ойындарында 5000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасымен бірге тарихи алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, әлем кубогының кезеңдерінде тұрақты өнер көрсетті. Алдағы Олимпиадада спортшы 500 метр қашықтықта және аралас эстафетада бақ сынамақ.

«Алдымызда шешуші кезең тұр. Милан-Кортина – біздің басты мақсатымыз. Жауапкершілікті толық сезінемін және бар күшімді саламын», – деді Әжіғалиев.

Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиадасы қазақстандық спортшының карьерасындағы төртінші Олимпиада ойындары болмақ.