
Астанада 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні ауқымды мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жылды бірге қарсы алу және мерекелік көңіл күйді сезіну үшін орталық алаңдарға жиналуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден бастап «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда, EXPO аумағында, сондай-ақ қала әкімдігінің ғимараты алдындағы алаңда жаңа жылдық концерттер өтіп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ерекше концерттік бағдарлама дайындалған.
Мерекелік шараларға отандық эстраданың танымал әншілері – Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Маржан Арапбаева, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, Еркеш Хасен, Зарина Омарова, сондай-ақ «Бәйтерек», «Melomen» және өзге де танымал топтар қатысуда.
«Жаңа жылды жыл сайын қала алаңдарында қарсы алуға тырысамыз. Мұнда әрдайым мерекелік атмосфера бар, келген жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап осындай шаралардың ұйымдастырылғаны қуантады», – деді Астана тұрғыны.
Мерекелік концерттер жиналған жұртқа жаңа жылдық көңіл күй қалыптастырып, ерекше іс-шараға айналдырды.
Еске салайық, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 00:00-де мерекелік жаңа жылдық отшашу ұйымдастырылады. Фейерверк Ботаникалық бақ аумағынан және «Атырау» көпіріне іргелес аумақтан атылатын болады.