
Астанада толассыз қар жауып жатыр. Қолайсыз ауа райына байланысты елордадағы коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, қаланы тазалау жұмысын тәулік бойы жүргізуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Таңертеңнен бастап көше-жол желісін тазалауға шамамен 3 000 жол жұмысшысы мен 1 400-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Жұмыс негізгі магистральдарда, кварталішілік жолдарда, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында жүріп жатыр.
Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына жалпы көлемі 1 376 655 текше метр қар шығарылды. Бұл 105 413 ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарына көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Қыс мезгілі басталғалы бері шамамен 4 000 тонна техникалық тұз пайдаланылды. Қаланы тазалау және өңдеу жұмысы тәулік бойы жалғасып жатыр.
Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын жолдар мен тротуарларда мұқият болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және сапарға шығар алдын ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.