
Астанада ауа райының күрт жылынуына және қардың еруіне байланысты Есіл өзенінің жағалауында орналасқан мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы елордалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлап, қала тұрғындарына ескерту жасады, деп мәлімдейді қала әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа райының күрт жылынуы салдарынан Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы азайған. Қазіргі уақытта өзен арнасындағы мұздың қалыңдығы 22 сантиметрді құрайды, ал кейбір учаскелерде (Орталық жағажай аумағында) 35–37 сантиметрге жетеді.
Осыған байланысты жаңа жыл мерекелері кезеңінде тұрғындар қауіпсіздік мақсатында өзен үстіне шықпағаны жөн. Сондай-ақ Есіл жағалауындағы мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Мұздың қалыңдығы Төтенше жағдайлар департаменті белгілеген нормативтік деңгейге жеткеннен кейін аталған нысандар қайтадан пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге тәулік бойы техникалық тұз себіліп жатыр.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады.