
Жаңа жыл мерекелері кезеңінде тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының медициналық ұйымдарында күшейтілген жұмыс режимі ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 42 ұйым жұмыс істейді. Амбулаториялық-емханалық мекемелерде жалпы практика дәрігерлері, педиатрлар, орта буын медицина қызметкерлері мен кезекші әкімшілердің кезекшілік кестелері бекітілген. Демалыс және мереке күндері шұғыл жағдайдағы науқастарды қабылдау, медициналық тексеру жүргізу, рецепт жазу және уақытша еңбекке жарамсыздығы парақтарын ұзарту қамтамасыз етіледі.
Емханалардағы фильтр-кабинеттер бекітілген кестеге сәйкес күн сайын сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерінің қызметі толық көлемде ұйымдастырылған.
Стационарлардың қабылдау бөлімдері тәулік бойы жұмыс істейді. Бейінді мамандардың, орта медициналық персоналдың, сондай-ақ диагностикалық қызметтердің (зертхана, сәулелік диагностика) кезекшілігі қамтамасыз етілген. Тұрғындар тарапынан көмекке жүгіну саны артқан жағдайда жұмылдырылатын медицина қызметкерлерінің резервтік бригадалары да жасақталған.
Жедел медициналық жәрдем мен шұғыл әрекет ету қызметтері де қалыпты, тәулік бойғы режимде қызмет көрсетеді. Емханалар, стационарлардың қабылдау бөлімдері және жедел жәрдем қызметі арасында өзара байланыс қамтамасыз етілген.
Мереке күндері медициналық ұйымдардың жұмысы тәулік бойы бақылауда болады.