3,5 мың тоннаға жуық техникалық тұз және 100 мыңнан астам рейс: елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр

3,5 мың тоннаға жуық техникалық тұз және 100 мыңнан астам рейс: елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр

Қыс мезгілі басталғалы бері елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген, тәулік бойғы режимде жұмыс істеп келеді. Соңғы тәулікте Астанада жаңбыр түрінде мол жауын-шашын жауып, ауа райының қолайсыздығы салдарынан жолдар мен тротуарларда көктайғақ орнады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ауа райына байланысты күндіз ауа температурасы нөлден жоғары болып, қар ерісе, түнде күрт суытады. Соның салдарынан жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында мұз қатады.

Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Қыс маусымы басталғалы бері көктайғаққа қарсы шамамен 3,5 мың тоннаға жуық материал пайдаланылып, 1,4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды. Бұл – 104 882 ауыр жүк көлігінің рейсіне тең. Аталған жұмыс тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

31 желтоқсанға қараған түні қар күреу жұмысына 400-ден астам жол жұмысшысы мен 1100-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, аулалардағы тәртіп пен қауіпсіздікке ПИК пен МИБ жауапты екенін еске саламыз. Олар тұрғындардың қолайлылығы мен қауіпсіздігі үшін аула аумақтарын қар мен мұздан уақытылы тазалауға міндетті.

Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға шақырады, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауды ұсынады.