Астанада жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр

Астанада жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр

Астанада жауын-шашын мен ауа температурасының күрт өзгеруіне байланысты көктайғаққа қарсы шаралар күшейтілді. Қаланың коммуналдық қызметі тәулік бойы жұмыс істеуде, көшелерге, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарына көктайғаққа қарсы материалдар себіліп, тоқтаусыз тазартылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ауа райына байланысты күндіз ауа температурасы плюс жағдайында болып, қар ерісе, түнде күрт суытып, жолдар мен тротуарларда көктайғақ орнайды.

Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс тәулік бойы жүргізіледі.

Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалық пен қауіпсіздікке ПИК пен МИБ жауапты екенін атап өткен жөн.

Олар тұрғындардың ыңғайы мен қауіпсіздігі үшін аулаларды қар мен мұздан уақытылы тазалауға міндетті.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады.