
Францияның M6 телеарнасы Қазақстан аумағында қыс мезгілінде толықтай түсірілген Pékin Express халықаралық шытырман оқиғалы шоуының жаңа маусымы жарыққа шығатынын хабарлады. Жобаның финалы Астана қаласында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Премьерасы 2025 жылғы 7 қарашада көрсетілді, бағдарлама әр жұма күндері сағат 21:10-да эфирге шығады, сондай-ақ M6+ цифрлық платформасында қолжетімді болады.
Pékin Express – бельгиялық Eccholine телекомпаниясы шығаратыр халықаралық телевизиялық формат. Жоба Франция, Испания, Италия және Бельгия елдерін қоса алғанда, әлемнің 15-тен астам мемлекетінде бар. Францияда маусымның орташа телеаудиториясы жыл сайын 2-3 миллион көрерменді құрайды, ал жекелеген эпизодтарды 4 миллионға дейін адам тамашалайды. Қосымша аудитория M6+ платформасындағы онлайн-көрілімдер мен жобаның әлеуметтік желілердегі жарияланымдары арқылы қалыптасады.
2025 жылғы маусым «La Route des Glaces» («Мұз жолы») атауымен өтті. Түсірілімдер толығымен қыс мезгілінде жүргізіліп, жобаның тарихындағы ең күрделі маусымдардың бірі болды. Финалдық кезеңдер мен жеңімпаздарды анықтау рәсімі Астанада өтті. Түсірілім тобы қаланың негізгі мәдени және сәулеттік нысандарында жұмыс істеді. Эфир барысында елорданың қысқы келбеті, көлік инфрақұрылымы және заманауи қоғамдық кеңістіктері кеңінен көрсетіледі.
Финалдық эпизодтардың көрсетілімі Қазақстанға шетелдік аудиторияның назарын айтарлықтай арттырады. M6 телеарнасындағы прайм-таймдағы көрсетілім, цифрлық платформалардағы таралым және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар қосымша ақпараттық әсер қалыптастырады. Бұл Астананың туристік бағыт әрі халықаралық тележобалар үшін тартымды алаң ретіндегі имиджін күшейтеді деп жоспарланып отыр.
Еліміздің астанасын Pékin Express «La Route des Glaces» жобасының шығарылымынан M6 телеарнасынан және M6+ сервисінен тамашалаңыз.
Бағдарламаның сілтемесі: https://www.youtube.com/watch?v=u57e8a9a1NU&t=1s